Мектеп-рухани- парасатты орта
Мектеп 1934 жылы 19 қыркүйекте Әулиеата қалалық атқару комитетінің шешімі бойынша Жамбыл облысында тұңғыш қазақ мектебі бастауыш мектеп болып ашылды. 1936 жылдан бастап орта мектеп болды. 1938 жылы мектепте халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Мектепте алғаш 79 оқушы қабылданып, 6 мұғалім дәріс берді. 1938 – 1939 оқу жылы ең алғашқы 24 түлек бітіріп шықты.
Мектепті бүгінге дейін 7 мыңнан аса шәкірт бітіріп шықты. Олардың ішінде 10 ғылым докторы, 60-тан аса ғылым кандитаттары, 2 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары бар. Бұл білім ордасында академик Мұхамеджан Қаратаев та дәріс берген.
Сондай-ақ, мектеп түлектері қатарында Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, парламент сенат депутаты Өмірбек Байгелді, ғылым докторлары Мырзатай Жолдасбеков, Әділов Шабден, Мөлдеков Имаш, Ауданбек Көбесов, Мұнатаев, Көпбасаров Мамырбай, Хасен Мұрат, Досжанов Тұрғынбай, ақын Өкім Жайлауов, Тұрсынхан Мүсіралиев, баспасөз қайраткері Баттал Жанабайұлы, Анарбек Айтбаев, Оңласын Есіркепов, Шербек Сайлаубек, кейінгі буын Ерік Көшербаев т.б бар.
Мектепте алғашқы жылдары Бибігүл Бармақова, Парманқұл Қырқынбаев, Қалмұрат Сартбаев, Рәтай Ғалиева, Жақыпбай Қасымбеков, Шертай Мұханбетов, одан соң Абрахман Каргулин, Мәжит Мұқанов, Әбдіқайым Сейдуллаев және Рахманберді Келесов, Асым Қасымов, Әбдікерім Тұмабеков, Қуаныш Мақажанов, Есенқұл Қабышевтар директор болып басшылық жасады.
Ал, өткен ғасырдың сексенінші жылдары мектеп ұжымын Тілеуқабыл Төребеков басқарып, ұжым мерейі жаңа белестерге көтерілді. Мектепте қосымша жаңа асхана, спорт залы, жүзу бассейні бар, қосалқы ғимараттар салынды.
1987 – 1988 оқу жылынан бастап мектеп директоры болған Нұркен Нұрмаханқызы Қасымова білім ошағының оқу- тәрбие саласындағы жетістіктерін республика мектептерінің алдыңғы шебінен көрінуіне қол жеткізді. Осы жылдары Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы Білім Академиясымен бірлесе отырып, «Қаладағы қазақ мектебінің моделін жасау» тақырыбында эксперимент жұмысын бастады. Мектеп құрылымы өзгертілді. Сөйтіп, 1991 – 2001 жылдары мектеп эксперименттік алаң – жаңалық іздеу мектебі болды.
2002 – 2006 жылдары мектеп-зертхана дәрежесіне көтерілді. 2002 жылдың 1 қыркүйегінен «Мектеп-зертхана» атағы берілді.
Эксперимент жұмыстарының 2001 – 2002 оқу жылдары бірінші кезеңі, 2006 – 2007 оқу жылдары екінші кезеңі оң нәтижелермен жемісті аяқталды.
2011 жылдан бастап мектеп-гимназия статусына ие болды.
Бүгінгі таңда «Оқу-тәрбие жұмысын инновациялық бағытта ұйымдастырудың педагогикалық негіздері» тақырыбы бойынша шығармашылық жұмыс жүргізуде.